ТМД мемлекеттер басшылары кеңесінің келесі отырысы 2023 жылы 13 қазанда Бішкекте өтеді, деп жазады inbusiness.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, климат мәселесі өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі ТМД-ның барлық дерлік елдерінде су ресурстарымен қамтамасыз ету проблемасын шиеленістіре түсетінін атап өтті.
"Біз бұл мәселемен түрлі халықаралық формат аясында айналысып, екіжақты негізде өзара тиімді шешімдерді қарастырамыз. Сонымен бірге Достастықтың бүкіл кеңістігінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ әдістерін әзірлейтін уақыт келді. ТМД Атқарушы комитетіне трансшекаралық су ресурстарын өзара тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсынымдар беруді ұсынамын", – деді Президент.
Ақпаратта көрсетілгендей, отырыс барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомоли Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.