Түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінде сөйлеген сөзінде айтты, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Біз 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Оны Түркі университеттері одағы аясында өткізуге болады. Біз академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру қажет. Сондықтан, 2023 жылы Түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл бастама студенттеріміздің түркі тілдерін үйреніп, бауырлас елдердің тыныс-тіршілігімен танысуына жол ашады", - деді ол.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған "жол картасын" әзірлеуді ұсынды. Бұл болашақта ұйымның "Цифрлық кітапханасын" құруға негіз болмақ.
"Түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашты. Екінші Түркі қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешенін тапты. Бұл – "түркі" деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш. Осы орайда, мен Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған "жол картасын" әзірлеуді ұсынамын. Ол үшін елдеріміздің мұрағаттары өзара ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының "Цифрлық кітапханасын" құруға болады. Бұл жұмыс құнды құжаттар мен сирек кітаптарды ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік берер еді", - деді Президент.