2024-2026 жылдары экологияны жақсартуға 461 млрд теңге бағытталмақ – заң жобасы

417

Су ресурстарын тиімді басқаруға 92 млрд теңге бағыттау көзделіп отыр.

2024-2026 жылдары экологияны жақсартуға 461 млрд теңге бағытталмақ – заң жобасы Фото: inbusiness.kz

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Мәжілісте "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заң жобасын таныстырды, деп жазады inbusiness.kz.

Оның сөзінше, елдің батысындағы экологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында "Қошқар-Ата" қалдық қоймасы мен "Квадрат" ағынды суларды буландырғыш тоғанын қалпына келтіруге 10,3 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл 2,3 мың гектар жерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 629 гектар зиянды қалдықтардан тазартылатын болады.

"Су ресурстарын тиімді басқаруға 92 млрд теңге көзделген. Атап айтсақ, 47 млрд теңге топтық су құбырларын және гидротехникалық құрылыстарды салуға, 17 млрд теңге суаратын суды тасымалдау және беру мақсатында жер үсті су ресурстарының сулылығын ұлғайтуға бағытталатын болады. Бұл топтық су құбыры желілерін 675 елдімекенге жеткізуге және тұрақты суарумен қамтамасыз етілген жер ауданын 1,9 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді", - деді вице-министр.

Бұдан бөлек балық, орман, жануарлар дүниесі ресурстарын, табиғи-қорық қорының нысандарын сақтауға 58,4 млрд теңге көзделіп отыр.

"Оның ішінде мемлекеттік табиғи және орман күзеті қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 15 млрд теңге, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 5,4 млрд теңге бағытталады. Нысаналы қаржыландыру шеңберінде жаңа ғылыми-техникалық бағдарламаларға 2024 жылы 2,8 млрд теңге бағыттау ұсынылады", - деді Қаржы вице-министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу