2024 жылдың 1 шілдесінен бастап таңбалануға жататын дәрілер тізімі кеңейтілді

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда дәрілік заттардың 90 түрін міндетті түрде таңбалау енгізілген болатын. 

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап таңбалануға жататын дәрілер тізімі кеңейтілді Фото: Inbusiness.kz

Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша 2023 жылдың қазан айының соңында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа дәрілік заттардың қозғалысын қадағалау жүйесі ұсынылды.

Дәрілік заттарды қадағалау жүйесі бірден бірнеше мәселені шешеді. Атап айтқанда, медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қайталап жазу және жалған есептен шығару мүмкіндігін жою, дәрілік заттардың бөлшек саудадағы бағасын, қалдықтарын және жарамдылық мерзімін қадағалау. Толық қадағалау үшін әр дәрілік затқа екі өлшемді бірегей Data Matrix коды қолданылады. Соның нәтижесінде республикадағы дәрі-дәрмектің толық айналымын өндірілген сәттен бастап қолданысқа дейін онлайн бақылауға болады.

Отырыс нәтижесінде 2024 жылғы 1 шілдесінен бастап Қазақстанда міндетті таңбалануға жататын дәрілік заттардың тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес кеңейтілді. Толық тізіммен Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде танысуға болады.

Саланың ашықтығын арттыру ықтимал контрафактілік өнімдерді анықтауға, сондай-ақ дәрілік заттардың бекітілген бөлшек сауда бағаларын бақылауға мүмкіндік береді.

"Жаңа жүйе ел тұрғындарын контрафактілік өнімдерден қорғайды. Тұтынушы сатып алған дәрі-дәрмектің заңды екеніне және олардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіз екеніне еш күмәнданбауына болады", — деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу