2024 жылы елімізге Қытайдан 655 мың турист келді

118

Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 78 пайызға көп.

2024 жылы елімізге Қытайдан 655 мың турист келді Фото: canva.com

Мұны Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Қазақстанға келген қытайлықтар саны айтарлықтай өсті. 2024 жылы Қытайдан келген туристер легі 655 мың адамды құрады. Көрсеткіш Қытай азаматтарының мәдени және табиғи мұрамызға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, туризм жылы аясында өңірлер, туркомпаниялар, агенттіктер мен медиа платформалар арасында 200-ден астам келісімге қол қойылды. Бұл өзара іс-қимылға берік негіз болды, – деді ол. 

Комитет төрағасының айтуынша, іс-шаралар ақпараттық алаңда да кеңінен көрініс тапты. 1,3 млрд-тан астам аудиториясы бар қытайлық ірі медиа мен әлеуметтік желілерде Қазақстан туралы хабар таратты.

Бұл еліміздің туристік бағыт ретінде танылуын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.

– Ресми түрде 2025 жыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болып жарияланғанын атап өту керек. Бұл екіжақты қарым-қатынастардың тереңдей түскенін көрсетеді. Әрі бұл екі тарапқа ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда жаңа мүмкіндіктер береді. Осының бәрі туризмнің дамуына ықпал етіп қана қоймай, халықтар арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтуға маңызды үлес қосады, – деді Нұртас Кәріпбаев. 

Айта кетейік, "Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының" ресми ашылуы Бейжің қаласында 2023 жылдың 28-29 наурызында өтті.

Онда екі ел арасындағы туристік және мәдени байланыстарды дамыту, туристік салаға инвестиция тарту жоспарлары талқыланды. 

Ресми ашылу салтанаты Қытай Ұлттық опера үйінде ұйымдастырылды. Іс-шараға 500-ден астам қонақ қатысты.

Қытайдың 30-дан астам орталық медиасы жан-жақты хабар таратты. Ал туризм жылының ресми жабылуы 2024 жылы 27 қарашада Алматы қаласында болды.

Қазақстанның Қытайдағы туризм жылының қорытындысына арналған халықаралық форум ұйымдастырылды. Оған екі елдің туристік индустриясының 300-ден астам өкілі қатысты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу