2024 жылы Қазақстан мен Қытай теміржол түйіспелері арқылы 32 миллион тонна жүк тасымалданған

316

Бұл – рекордтық әрі 2023 жылмен салыстырғанда 13,1 пайызға артық көрсеткіш. 

2024 жылы Қазақстан мен Қытай теміржол түйіспелері арқылы 32 миллион тонна жүк тасымалданған Фото: Ақорда

Президент "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы туралы есеп берілді.

– Негізгі өндірістік көрсеткіштерде өсімнің оң қарқыны сақталып отыр. Эксплуатациялық жүк айналымы 272 миллиард тонна-шақырымды құрады. Қазақстан-Қытай түйіспелері арқылы 32 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – рекордтық әрі 2023 жылмен салыстырғанда 13,1 пайызға артық көрсеткіш. Контейнерлік транзит 8,8 пайызға өсті. Тасымалданған контейнерлер саны 1,4 миллион жиырма пұттық эквивалентті құрады, – деді Н. Сауранбаев.

Президентке ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы және транзит әлеуетін дамыту жөнінде берген тапсырмаларының орындалуы жайында баяндалды.

– 2800 шақырымнан астам темір жолға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал бағыттарында және Алматы торабының айналма жолында 1000 шақырымнан астам жаңа желі салынып жатыр. Достық – Мойынты учаскесі және Жетіген – Қазыбек-бек айналма желісінің екінші жолдарын салу жұмыстары кестедегі мерзімінен бұрын, яғни биыл аяқталады.

Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстан-Қытай терминалы іске қосылды. Бұл Транскаспий бағыты арқылы Қытайдан келетін тасымалдың ұлғаюына ықпал етті. Алматы қаласында, Әзербайжанның Алят теңіз портында, Мажарстан астанасы Будапешт қаласында, Мәскеу маңындағы Селятино кентінде Шығыс–Батыс бағыты бойынша терминалдардың құрылысы басталды. Қытайлық серіктес Ляньюньган портымен бірлесіп, Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары қолға алынды, – деді өз есебінде.

Cонымен қатар Мемлекет басшысы қолдау білдірген бірқатар жаңа жобалар таныстырылды.

"ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Президентке компания инфрақұрылымды, терминал желісін дамытуға және цифрлық шешімдерді енгізуге баса назар аударатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттардағы жұмысты жандандырудың маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, алға қойған міндеттерді жоспарлы іске асыру Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін нығайтуда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу