2024 жылы Қазақстанда қандай автокөлік көп сатылды?

110

Елімізде жеңіл және коммерциялық 205,1 мың жаңа автокөлік сатылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,2%-ға өсті.  

 2024 жылы Қазақстанда қандай автокөлік көп сатылды? Фото: ARTLIGHT

2024 жылы Қазақстан автокөлік нарығы сатылым бойынша жаңа белестерді бағындырды. Әсіресе жылдың төртінші тоқсанында 68,1 мың көлік сатылып, рекорд орнатылды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

2024 жылы Қазақстанда 144,7 мың автомобиль өндірілді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2%-ға аз. Өндіріс көлемінің көшбасшысы – Қостанай облысында орналасқан Allur зауыты.

Бұл кәсіпорын елдегі барлық өндірістің 63%-ын құрап, 90,5 мың көлік шығарды. Зауыт қатарынан төрт жыл бойы осы деңгейін сақтап отыр.

Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 45,4 мың автокөлік өндіріп, екінші орынды иеленді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 7,1%-ға төмендеген. Қалған автозауыттардың өндіріс үлесі – 8,8 мың көлік.

Сатылым бойынша да Allur автозауыты алда тұр. 2024 жылы сатылған көліктердің 38,3%-ы осы зауытқа тиесілі. Желтоқсан айында сатылған 25,6 мың көлік бір айдағы рекорд көрсеткішті тіркеді.

Ең көп сатылған брендтер:

  • Hyundai – 44,2 мың көлік (Astana Motors).
  • Chevrolet – 30,9 мың көлік (Allur).
  • Kia – 23 мың көлік (Allur).

Chevrolet Cobalt – ең танымал модельдердің бірі, жыл бойы 26,5 мың дана сатылды. Сондай-ақ, JAC (11,8 мың) және Jetour (9,5 мың) брендтері де жоғары сұранысқа ие болды.

Автокөлік өндірісі Қазақстанның машина жасау саласындағы ең ірі сектор болып қалуда. 2024 жылы автоөндіріс осы саладағы жалпы өндірістің 41%-ын, ал елдегі өңдеу өнеркәсібінің 8%-ын қамтамасыз етті. Қостанай облысында бұл үлес тіпті 85,2%-ға жетті.

2024 жылы автомобиль өнеркәсібіне салынған инвестициялар 189,8 миллиард теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 21 есе, ал 2023 жылмен салыстырғанда 5,3 есе артты.

2024 жылы Қазақстанның автокөлік нарығы өндірістің аздап төмендегеніне қарамастан, сатылым көлемінің артуымен ерекшеленді. Hyundai, Chevrolet және Kia брендтері көшбасшылық танытты, ал Allur зауыты өндіріс пен сатылымда басты рөл атқарды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу