2024 жылы он сегізге толмаған барлық баланың атына арнайы шот ашылады – Жолдау

1171

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай "Ұлттық қор – балаларға" жобасына түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2024 жылы он сегізге толмаған барлық баланың атына арнайы шот ашылады – Жолдау

Бұл жайында ол Facebook парақшасындағы постына жазылған пікірлер арасында атап өтті.

"Пікірлерде қосымша сауалдарға жауап берейін. Бұл норма күшіне енген кезде, яғни 2024 жылы 18 жасқа толмаған барлық баланың атына арнаулы шот ашылады. Олар кәмелет жасына толғанша қаржы түсіп тұрады. Шоттағы қаражат шетел валютасында болатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар жинақ бойынша пайыздар есептеледі. Бұл шаралар шоттағы қаржыны инфляциядан қорғауға мүмкіндік береді", – деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Руслан Желдібай бүгінгі Президент Жолдауының кей өзекті тұстарын түсіндіріп, әр бала 18 жасқа толғанша есепшотында кемі 3 мың доллар жиналатынын айтқан еді.

"Президенттің бастамасымен Балалар жылының аясында "Ұлттық қор – балаларға" атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады", – деді Руслан Желдібай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу