Ұлттық онкологиялық орталықтың базасында протонды терапия орталығы 2024 жылы қолданысқа беріледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Астанада онкологиялық емдеуге арналған орталықта Азиядағы тұңғыш протон орталығын іске қосу жұмыстары қалай жүріп жатыр?", - деп сұрады Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттан.
Сұрақша жауап берген министр бүгінде елордада Ұлттық онкологиялық орталық құрылысы жүріп жатқанын айтты.
"Оның ішінде протондық орталық құрылысы 2024 жылдың аяғында аяқталады. Қазір осы протондық аппаратты орнататын бункердің құрылысы жүріп жатыр. Содан кейін аппаратты орнату, оның қауіпсіздігін тексеру жұмыстары жүреді. Осы аппарат елімізде бірінші рет жұмыс істейтін болғандықтан, мамандарды оқыту жұмыстары жүргізіледі", - деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзінше былтырдан бастап Германияда, Нидерланд елінде, Израильде осы аппаратпен жұмыс істейтін мамандарды даярлау жұмыстары басталып кеткен.
"Олар бұрын біздің елімізде болмаған – сәулелік терапевтер, медицина химиктері мен физиктері", - деді Ажар Ғиният.