2025 жылдан бастап азаматтардың барлық санаттары декларация тапсырады

1615

Биыл мемлекеттік қызметшілер тапсырса, 2023 жылы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері есеп береді. 

2025 жылдан бастап азаматтардың барлық санаттары декларация тапсырады

Қазақстандықтар жалпыға бірдей декларациялауға 2025 жылға дейін көшеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Орынкүл Қазиева мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.

"Елімізде жалпыға бірдей декларациялауға көшу басталды. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияларды мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларация тапсырады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың қалған санаттары өтеді",– дейді спикер. 

Оның айтуынша, декларациялау рәсімі барынша жеңілдетілген. 

"Жылжымайтын мүлік, әуе және теңіз кемелері, суда жүзетін кемелер туралы, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген көлік құралдары, арнайы техника және тіркемелер туралы, Қазақстан Республикасындағы банк шоттарындағы ақша туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне берешек туралы мәліметтерді көрсету міндеті алып тасталынды", – дейді басқарма өкілі.

Мұндай мүлік туралы мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарында бар, сондықтан жеке тұлғаларға бұл мәліметтерді толтыру қиын болмайды. 

"Декларацияда ҚР шегінен тыс мүлік, болған жағдайда – тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлес көрсетіледі. ҚР шегінен тыс құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, инвестициялық алтын, авторлық құқық, зияткерлік меншік объектілері – осының бәрін Қазақстанда да, одан тыс жерлерде де көрсету қажет. 10 мың АЕК мөлшеріндегі шектен аспайтын қолма-қол ақша, дебиторлық және кредиторлық берешек көрсетіледі, оны нотариат куәландыруға тиіс", – деп түсіндірді Орынкүл Қазиева. 

Декларациялар бүгін қағаз нұсқада 15 шілдеден кешіктірмей, ал электронды түрде 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсырылады. Қағаз тасығышта декларациялар Мемлекеттік кірістер органдарына немесе ХҚКО-ға келу тәртібімен ұсынылады. Декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті арқылы, "электронды үкімет" порталы, сондай-ақ e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы ұсынуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу