Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв 2025 жылдан бастап А-80 бензинінен түпкілікті бас тарту мәселесін шешуді тапсырды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Gazeta.uz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сонымен қатар, ауыр жүк көліктерінің, 10 жастан асқан көліктердің және Еуро-4 стандартынан төмен отынды пайдаланудың қоршаған ортаға зиянын азайту тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Төмен октанды отынды пайдаланудан бас тартуға ел басшылығының Ташкент пен елдің басқа да ірі қалаларында ластануды азайтуға ұмтылуы себеп болып отыр.
Бұған дейін, Өзбекстанның Экология министрлігі Ташкентте ауаның ластану факторларының тізімін жариялаған болатын. Оның ішінде сапасыз отынмен жүретін көліктердің шығарындылары, жылу және электр станцияларында көмір мен мазутты пайдалану, бас жоспарсыз құрылыс жұмыстары және ағаштарды кесу бар. Мәселені шешудің ең шұғыл ұсынылатын шараларының бірі — отынды, атап айтқанда, Еуро-4 стандартынан төмен экологиялық санаттағы А-80 маркалы бензинді пайдалануға тыйым салу.
Айта кетейік, Қазақстан 2017 жылы А-80 бензинін пайдаланудан бас тартқан болатын және қазіргі уақытта, бұл маркалы отынды шығармайды.
Сондай-ақ, ЕАЭО аясында Қазақстан Республикасы Еуро-5 стандартындағы отынға көшті.