Жыл басынан бері 2 мыңнан астам адам өз еркімен көшкен

134

Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. 

Жыл басынан бері 2 мыңнан астам адам өз еркімен көшкен Фото: МТРК

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күші тапшы өңірлерге 2 202 адам, оның ішінде 1 091 қандас көшіп келді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Осы жылдың соңына дейін 9 653 адамды көшіру жоспарлануда.

Өңірлер бойынша: Павлодар облысына – 672 адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 532 адам, Қостанай облысына – 330 адам, Ақмола облысына – 215 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 214 адам, Абай облысына – 145 адам, Атырау облысына – 90 адам, Ұлытау облысына – 4 адам қоныс аударды.

Қоныстану аймақтарына көшкен қандастарымыз негізінен Өзбекстаннан – 396, Моңғолиядан – 310, ҚХР – 286, Ресейден – 52, басқа елдерден – 47 адам келген.

Еңбекке қабілетті жастағы 790 адам келгендердің ішінен тұрақты жұмыс орындарына 374 адам орналастырылды, 10 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады.

Қоныс аударушылар мен кандастар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп және т.б. салалар бойынша жұмысқа орналасты.

Қоныс аударудың өміріндегі оң өзгеріс болғанын атап өткен Тамара Айнаддинованың ізгілікке толы оқиғасы сөзімізге дәйек болады.

"Мен Жамбыл облысынан Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылына сонау 2022 жылы көшіп келдім. Қоныс аударуға арналған облыстық квотаға енгізілгеннен кейін көшіп-қону үшін қаржылай көмек, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге жұмсалған шығындарды өтеу үшін субсидиялар түрінде мемлекеттік қолдауға ие болдым", – деді ол.

Тамара Айнаддинова М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін химия пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Жаңа тұрғылықты жеріне келгеннен кейін Кеңес Одағының Батыры И.М. Бережной атындағы Келлер орта мектебіне мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Қазір баласына күтім жасау үшін декреттік демалыста.

"Көшуге шешім қабылдағанымызға, қоныс аударушыларға жұмыс тауып беруге көмектесетін, алғашқы қаржылық көмек көрсететін мемлекеттен бағдарлама барына өте қуаныштымын. Мен осы жерде отбасын құрдым", – дейді кейіпкеріміз.

Естеріңізге сала кетейік, ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:

  • отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;
  • отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
  • қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
  • жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
  • экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.

Бұдан басқа, тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу