Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, алдағы 5 жылда "Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асыруға қарастырылатын қаржының 58%-ы республикалық бюджеттен бөлінеді. Бұл – 3 трлн 794 млрд 6 млн теңге деген сөз.
Министрдің мәлімдеуінше, бағдарламаға жергілікті бюджеттен 715 млрд 3 млн, мемлекет-жекеменшік әріптестік және жеке инвестициялардан 1 трлн 759 млрд, ұлттық және мемлекеттік компаниялардан 329 млрд 6 млн теңге қаржы тартылады.
Белгілі болғандай, бағдарлама аясында көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға басымдық беріледі.
"Автожол инфрақұрылымын дамыту аясында республикалық желінің 10 мың шақырымын қайта жаңарту, 11 мыңын жөндеу, ал жергілікті желінің 27 мың шақырымын қалпына келтіру жоспарланды. Теміржол саласында "Достық-Мойынты" учаскесін республикалық бюджеттен жаңғырту және "Мойынты-Ақтоғай" учаскесін электр желісімен қамту көзделді. Шағын әуе желілерін дамыту мақсатында 16 әуеайлағы салынады. Су көлігін дамыту үшін 48 кеме сатып алынады. Оның алтауы сауда флотына беріледі. Шлюздерге күрделі жөндеу жүргізіледі. Автокөлік саласында ұлттық стандартқа сәйкестендіру үшін 133 автостанция мен автовокзал және жолаушыларға қызмет көрсету пункттері салынып, қайта жаңғыртылады", – деді Бейбіт Атамқұлов.
Оның сөзінше, "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасына 551 мың жаңа жұмыс орнын ашу міндеті жүктелген. Алдын ала жасалған болжам бойынша, бағдарлама аясында атқарылған іс-шаралар нәтижесінде еңбек өнімділігі 20%-ға өседі. Ал транзиттен түсетін табыс жылына 61%-ға артып, 4 млрд 200 млн АҚШ долларын құрайды.
Қанат Махамбет