2025 жылға қарай әлемде 5G желісіне қосылу көрсеткіші артады

497

Әлемдегі мыңнан астам қала қазірдің өзінде 5G желісін қолданып отыр. 

2025 жылға қарай әлемде 5G желісіне қосылу көрсеткіші артады Фото: gov.kz

Statista мәліметтеріне сәйкес, Қытайдағы 356 қала, ал АҚШ-тағы 296 қала 5G желілерімен қамтылған. Сәйкесінше екі алпауыт мемлекет 5G желісіне қосылу бойынша әлемде көш бастап тұр, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап.

Үздік бестіктің қатарында Филиппин (98 қала), Оңтүстік Корея (85 қала) және Канада (84 қала) елдері бар. Ондыққа Испания, Италия, Германия, Ұлыбритания және Сауд Арабиясы енді.

5G-ге көшу әр елде әр түрлі жылдамдықпен жүріп жатыр. Мысалы, 2025 жылға қарай Азия-Тынық мұхиты аймағында бұл желімен қамтылу 64%-ды, Солтүстік Америкада – 63%, Қытайда – 52%, Араб елдерінде – 49%, Еуропада 44%-ды құрайтын болады. 5G енгізу мемлекет дамуының басым бағытына айналып отыр.

ТМД-да 5G технологиясы бойынша интернетке қосылу үлесі 2025 жылдың аяғына қарай 9% деңгейінде ғана болжанып отыр.

Қазақстанда бұл бағытта маңызды қадамдар жасалып жатыр. Өткен жылғы 22-23 желтоқсанда елімізде алғаш рет 5G радиожиіліктеріне арналған аукцион өткізілді. Бұл – жиіліктерді әділ бөлудің жалпы әлемдік тәжірибесі.

Сауда-саттық gosreestr.kz ақпараттық жүйесінің алаңында өтті. Бірінші лот 3600-3700 МГц (100 МГц) радиожиілік диапазонында, екіншісі – 3700-3800 МГц (100 МГц) диапазонында ұсынылды. Әр лоттың бастапқы бағасы 1 761 225 000 теңгені құрады. 

№ 1 лоттың бағасы 62,7 млрд теңгеге дейін артып, ал № 2 лоттың ұсынысы 93,4 млрд теңгені құрады. "Кселл" АҚ және "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Теле 2, Алтел) жеңімпаз атанды. Аукционға Beeline ұялы байланыс операторы да қатысты, бірақ ол бірде-бір ставка жасамады.

Ресурстың жазуынша, аукционнан түскен қаражат "Қолжетімді интернет" жаңа ұлттық жобасы аясында телекоммуникация саласын дамытуға бағытталады. Жоба шеңберінде 3 мыңға жуық ауылды талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз ету, республикалық және облыстық жолдар бойымен оптика салу, шалғай ауылдарға электр энергиясын жеткізу және т.б. көзделіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу