2025 жылға қарай мектептерде 500 мыңға жуық орын жетіспейді

696

"Мемлекет тарапынан бала басына шаққандағы қаржыландырудың көлемін көбейту керек".

2025 жылға қарай мектептерде 500 мыңға жуық орын жетіспейді

2025 жылға қарай мектеп орындарының тапшылығы шамамен 500 000 орынды құрауы мүмкін. Бұл туралы Сенатор Мұрат Бақтиярұлы премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

Сенатордың айтуынша, қазір елімізде 7 500 мектеп болса, оның 169-ы үш ауысымды, 5068-і екі ауысымды мектеп. Сенатордың айтуынша мәселені шешу үшін, мектеп құрылысына тартылған инвесторларға жұмыс жағдайын жасау маңызды.

"Ол үшін біріншіден, әлі де болса мемлекет тарапынан бала басына шаққандағы қаржыландырудың көлемін көбейту керек. Екіншіден, үлкен сиымдылықты мектеп салатын инвесторларға жерді тегін беріп, мектеп салатын жерлерге коммуникация жеткізу мәселесін шешу қажет.Үшіншіден, мектеп мәселесі түбегейлі шешілгенге дейін банктерден жеңілдетілген несие берудің тетігін қарастыру қажет. Айтылған осы ұсыныстар инвесторларды ақылы түрде емес, тегін оқытатын мектептер салуға мүдделі ететіні сөзсіз", – деп сендірді сенатор.

Депутаттың айтуынша, бүгінде еліміздегі 378 жекеменшік мектепте 7 900 мұғалім жұмыс істеп, 144 мың оқушы білім алуда. Алайда жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне қарамастан, мемлекеттік және жекеменшік оқу орындары арасында кейбір құқықтық теңсіздікке жол берілген.

"Мысалы, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңында Білім алушыларды "жалпы білім беру" қоры шеңберінде оқулықтармен, сондай-ақ тамақпен, киіммен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету тек мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін ғана көзделген, жеке мектептерге берілмейді. Сонымен қатар бюджеттік Біліктіліктің 221 және 222 бағдарламаларында кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлауды жүргізу тек мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін көзделген. Осыған байланысты, аталған мәселелерді реттеу үшін "Білім туралы" ҚР Заңына өзгерістер енгізу қажет", – деп түйіндеді сөзін сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу