Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жолаушылар вагондарының паркін жаңарту бойынша қандай жобалар іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Премьер-министр Олжас Бектенов министрден "2030 жылға дейін елімізде тозығы жеткен 800-ден астам жолаушылар вагоны жаңартылуға тиіс. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?" деп сұрады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жолаушыларды жаңа вагондармен қамтамасыз ету өте өзекті мәселе екенін айтты.
"2025 жылы Астана қаласында жаңа өндірісті іске қосатын боламыз. Бұл – Швейцарияның "STADLER" ірі компаниясы. Мұнда жолаушы вагондары өндірілетін болады. Осы кәсіпорынның қуаттылығы 500 вагоннан асады. 2030 жылға дейін осы зауыттың қуаты арқылы вагондармен қамтамасыз етілетін боламыз. Онымен қоса Петропавл қаласында жұмыс істеп тұрған "ЗИКСТО" кәсіпорны бар. Оның қуаттылығы – 300 жолаушы вагон. Екі зауыт арқылы жолаушы вагондардың паркін жаңартатын боламыз", - деді ведомство басшысы.
Айта кету керек, осыған дейін Астанада Stadler жолаушылар вагондарының өндірісі іске қосылатынын жазған болатынбыз.