Мұнай өңдеу зауыттарын инновациялық жаңарту мақсатында шамамен 6 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылды. Ішкі нарық толығымен жоғары экологиялық стандарттарға сай мұнай өнімдерімен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Атырауда Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған салтанатты шарада ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
"2016 жылы мұнай-газ химиясы саласындағы алғашқы жобалар іске қосылды: Атыраудағы хош иісті көмірсутектер мен Павлодардағы полипропилен өндірістері және Ақтаудағы битум зауыты. Бүгінгі таңда мұнай-газ саласы тұрақты даму динамикасын көрсетіп отыр. Өндіруші секторда сегіз айдың қорытындысы бойынша, мұнай өндірісінің көлемі 59,8 млн тоннаны құрап, жоспар 101,5 пайызға орындалды. Үш үлкен жобада жалпы 36 млн тонна мұнай өндірілді. Қапшағайда 8,6 млн тонна (жоспар 106,2 пайызға орындалды), Теңізде – 19,5 млн тонна (жоспар 101,2 пайызға орындалды), Қарашығанақта – 7,9 млн тонна (жоспар 101,5 пайызға орындалды)",-деді министр.
Мұнай өндірісінің қарқыны осылай жалғаса берсе, жылдық жоспарды 89 миллион тоннадан да асыруға болады. Мұнай өнімі секторындағы өңдеу зауыттарының жаңартылуы шикізатты қайта өңдеу қуаттылығын арттырып отыр.
Осы жылдың алғашқы сегіз айында "қара алтынды" өңдеу көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға өсіп, 11,2 млн тоннаны құрады. Бензинге қатысты өндіріс - 14,3%-ға, дизель отыны - 9,6%-ға, әуе жанармайы - 212% -ға артты.
Табиғат Нұрболат