Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев келесі жылы Ресейден 3-4 жолбарыс әкелінетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биыл Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысын (Керқұлан, Кертағы) тарихи мекенінде қалпына келтіру бойынша екі үлкен жоба белсенді жүзеге асуда. Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Жолбарыстың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін 2018-2024 жылдар аралығында резерваттың аумағына 205 бас тоғай бұғысы әкелінді, 100-ден астам құланды қоныс аудару жұмыстары жүргізілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді", - деді министр Үкімет отырысында.
Сөзінше, биылғы күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді.
2025 жылы Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарысты әкелу күтіліп отыр.
"Әкелінген жолбарыстардың тұқымдары Қазақстан аумағында 70 жылдан кейін қайта пайда болған алғашқы жабайы жолбарыстар болады деп үміттенеміз. Осы жылы құландар популяциясын қалпына келтіру жөніндегі бағдарлама аясында оларды "Іле-Балқаш" (42 бас) және "Алтын Дала" (24 бас) резерваттарына қоныс аудару жұмыстары сәтті аяқталды", - деді Ерлан Нысанбаев.