2025 жылы Қазақстанда санитариялық авиация қызметі арқылы мыңдаған пациентке шұғыл әрі мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді.
Жыл басынан 30 желтоқсанға дейін Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығына 2 589 өтініш түскен. Соның ішінде 2 272 ұшу нақты медициналық көмек көрсету мақсатында орындалса, 15 рейс медициналық сүйемелдеусіз жүзеге асқан. Өткен жылмен салыстырғанда ұшулар саны 4,5%-ға артқан.
Ұшулардың басым бөлігі – 68,2%-ы өңірішілік бағытта жүзеге асырылған. Астана қаласынан 544, Алматыдан 174 рейс орындалған. Халықаралық бағытта 9 ұшу тіркелді.
Сонымен қатар, 2025 жылы шетелде жүрген Қазақстан азаматтарын елге жеткізу бойынша 33 өтініш қабылданып, олардың негізінде Түркия, Германия, Корея, Вьетнам, Қырғызстан және Мысыр елдерінен 9 санитариялық эвакуация ұйымдастырылды.
Мобильдік медициналық бригадалар жыл бойы 6 255 пациентке көмек көрсетіп, 9 124 медициналық қызмет атқарған. 2 267 науқас тасымалданып, 144 бетпе-бет консультация мен 140 жергілікті хирургиялық операция жасалды. Қашықтықтан консультациялар жалпы қызметтің 72,1%-ын құрап, телемедицинаның кеңінен қолданылып отырғанын көрсетті.
Санитариялық авиация көмегіне көбіне акушериялық патологиясы бар әйелдер, балалар, қанайналым жүйесі ауруларына шалдыққан пациенттер, соның ішінде инсульт алған науқастар жүгінген. Сондай-ақ жарақат алғандар, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер мен жаңа туған нәрестелерге де жиі көмек көрсетілген.
Донорлық ағзаларды тасымалдау және трансплантологиялық көмек аясында Як-40, Pilatus PC-12 және Bombardier CRJ-200 әуе кемелерімен 10 мамандандырылған рейс орындалып, бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және көздің мөлдір қабығы жеткізілген.
Бұдан бөлек, санитариялық автокөліктер арқылы 9 568 рет шығу тіркеліп, 10 200 медициналық қызмет көрсетіліп, 10 222 пациентке көмек берілген. Ең жоғары жүктеме Түркістан және Алматы облыстарына тиесілі.
Санитариялық авиация қашықтыққа, маршруттардың күрделілігіне және науқастың жағдайының ауырлығына қарамастан жедел медициналық көмекті қамтамасыз етіп, елдегі шұғыл медициналық жүйенің маңызды буыны болып қала береді.