Келесі жылдан бастап бірқатар қаржылық өкілеттіктер орталықтан жергілікті деңгейге өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, соңғы жылдары өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру бағытында жүйелі реформалар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде жергілікті бюджеттердің табысы 2019 жылғы 3,1 трлн теңгеден 2024 жылы 7,9 трлн теңгеге дейін өскен.
– Келесі жылдан бастап орталықтан өңірлерге салықтардың және төлемдердің жекелеген түрлері, сондай-ақ барлық әкімшілік айыппұлдан түсетін қаражат беріледі. Бұл – жергілікті басқару жүйесін күшейтуге арналған маңызды қадам, – деді вице-премьер.
Бозымбаевтың айтуынша, үшінші деңгейдегі бюджеттерге жеке табыс салығын және шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын беру көзделіп отыр.
– Осы өзгерістер нәтижесінде жергілікті бюджет кірістерінің 70 пайызы аудандық және облыстық маңызы бар қалалар деңгейінде қалыптасады. Жалпы өңірлерге қосымша 500 млрд теңгеден астам қаражат түседі деп жоспарлануда, – деді ол.