2026 жылға қарай Алматыда жылына 150 мыңға дейін автокөлік шығару жоспарланған

609

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Алматыға жұмыс сапары барысында бірқатар өндіріс нысандарының жұмысымен танысты, деп жазады inbusiness.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

2026 жылға қарай Алматыда жылына 150 мыңға дейін автокөлік шығару жоспарланған Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы "Hyundai Trans Auto" ЖШС зауытын аралады.

"Кәсіпорын 2011 жылы "Hyundai Motor Company" компаниясымен (Оңтүстік Корея) ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске қосылды. Зауыт республиканың жеке меншік компанияларына, коммуналдық ұйымдарына және мемлекеттік органдарына Hyundai, Golden Dragon және Foton көлік құралдарының кең желісін (реанимобильдер, өрт сөндіру машиналары, қоқыс таситын көліктер, су таситын көліктер, эвакуаторлар, жүк көліктері) жеткізеді. Алдағы бірнеше жылда кәсіпорын басшылығы өндірісті кеңейтуді, жаңа жұмыс орындарын ашып, экспортты ұлғайтуды және локализациялау үлесін арттыруды жоспарлап отыр", - делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, "Астана Групп" холдингінің президенті Нұрлан Смағұлов өнім экспорты, Қытайдан Қазақстанға жүк тасымалдау және өндірушілерге кәдеге жарату алымы бойынша берешекті төлеу мәселелерін көтерді.

"12 жыл ішінде кәсіпорын нарықтағы өз позициясын едәуір нығайтты. Біз компанияның өнім желісіне инвестиция салу және оны кеңейту жоспарларын құптаймыз. Мемлекет басшысы қала әкімдігінің алдына халықтың жүріп-тұруына ыңғайлы көлікпен қамтамасыз етіп, экологияға тигізетін зардаптарды азайту міндетін қойды", - деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов көтерілген мәселелердің шешімін табуға көмектесетінін жеткізді.

Бұдан басқа Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің тапсырысы бойынша "Hyundai Trans Auto" ЖШС зауытында Golden Dragon маркасының мектеп автобустары, Hyundai (H-1, H350) шағын автобусы базасында жедел жәрдем көліктері құрастырылуда.

"Алматы әкімдігі "Мектеп автобусы" пилоттық жобасы аясында мектепке оқушыларды тасымалдау үшін 100 жаңа техника сатып алуды жоспарлап отыр. Барлығы 29 мектептегі 7,7 мың оқушыға жағдай жасау көзделген. Аталған автобустар заманауи қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған",- деп жазылған хабарламада.

Премьер-Министр білім беру сапасын арттырудың басты факторларының бірі әрбір оқушының қажеттіліктеріне бағдарланған және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жайлы мектеп ортасы екенін атап өтті.

2026 жылға қарай қалада жылына 150 мыңға дейін автокөлік шығару жоспарланып отыр. Бұл ретте 3 мыңға жуық өнімділігі жоғары жұмыс орны ашылмақ.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов "Valtherm" ЖШС жоғары қысыммен құю әдісін қолданатын еліміздегі алғашқы алюминий және биметалл жылу радиаторларын шығаратын зауыт құрылысының барысымен танысты. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі шамамен 15 млрд теңгені құрайды.

Ақпаратқа сәйкес, зауыт өнімі беріктігі мен жылу беру бойынша Қытайда шығарылып, Қазақстанға әкелінетін баламалы радиаторлардан 40-50%-ға асып түседі деп күтілуде.

Премьер-Министрдің сөзінше, Алматының индустриялық аймағы отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды. Бүгінгі таңда қала әкімдігі оның аумағын 194 гектарға кеңейтуде.

"Биыл республика бойынша индустриялық жобалардың санын 170-ке дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл 2,9 млрд долларға импорттың орнын ауыстыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Премьер-Министр шағын өнеркәсіп парктері мен қаланың индустриялық аймағы тұрғындарымен кездесті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу