Өткен айда инфляция деңгейі 10,4% болды

84

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,7%, азық-түлік өнімдері 10,7%, ақылы қызметтер 8,7% қымбаттады.  

Өткен айда инфляция деңгейі 10,4% болды Фото: stat.gov.kz

2026 жылғы мамыр айында инфляцияның айлық деңгейі 0,7% құрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл ретте азық-түлік тауарлары 0,4%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,6%, ал ақылы қызметтер 1,1% қымбаттаған.

Азық-түлік өнімдері бойынша бірқатар тауарлардың бағасында өзгеріс тіркелді. Мәселен, қияр 25,4%, қызанақ 25,1%, тәтті бұрыш 8,3%, сарымсақ 3,1%, мандарин 2,6% және қызылша 2% арзандаған. Сондай-ақ күнбағыс майы мен консервіленген жүгері бағасы 0,4% төмендеген. Ал бағаның өсуі тіркелген өнімдер қатарында қой еті 4,7%, сиыр бауыры мен майдағы шпроттар 3,3%, алма 3,1%, шұжық 1,7%, ішетін сүт 1,1%, жұмыртқа 0,6% және айран 0,4% бар.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегментінде таба 4,8%, ыдыс жуғыш машина 3,3%, кітап бағасы 2,5%, смартфондар 1,5% арзандаған, сондай-ақ бөлме өсімдіктері 0,6% төмендегені байқалды. Керісінше, фотоаппарат 7,4%, үтік 3,1%, шаруашылық сабын 2,7% және дәрі-дәрмектер 1,7% қымбаттаған.

Қызмет көрсету саласында да баға өзгерістері байқалды: балалар аттракциондары қызметтері 6,6%, көлік қызметтері 1,5%, автокөлік жуу қызметі 0,7% өскен.

2026 жылғы мамыр айында жылдық инфляция 10,4% деңгейінде қалыптасты. Бұл ретте азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,7%, азық-түлік өнімдері 10,7%, ал ақылы қызметтер 8,7% өскені байқалды.

Жылдық көрсеткіштер бойынша бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасында айтарлықтай өзгеріс тіркелді. Мәселен, қияр 35,2%, пияз 25,1%, қызанақ 24,3%, картоп 7,5%, банан 4,9% және күріш 4,3% арзандаған. Ал керісінше, алма 9,8%, мұздатылған балық 8,5%, қара шай 7,6%, макарон өнімдері 6,6% және қант 2,3% қымбаттаған.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегментінде де өзгерістер байқалды. Отандық жеңіл автокөліктердің бағасы 17,9% төмендеген, сондай-ақ азитромицин 6% және микротолқынды пеш 1,1% арзандаған. Ал шаруашылық сабын 10,5%, ерлер шалбары 10,2%, кір жуғыш ұнтақ пен тұрмыстық техникалар 9,1% қымбаттаған.

Қызмет көрсету саласында баға өсімі жалғасып, көлік қызметтері 11,1%, қонақүй қызметтері 10,3%, білім беру қызметтері 8,9% және мобильді байланыс қызметтері 7,6% артты.

Тұтыну бағаларының индексі инфляция деңгейін сипаттайтын негізгі макроэкономикалық көрсеткіш болып табылады және ай сайын есептеледі. Бақылау 537 тауар мен қызмет түрі бойынша жүргізіледі, ал инфляция динамикасы бойынша деректер 2018 жылдан бастап қамтылған арнайы интерактивті дашбордта қолжетімді.

2026 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағалары индексін есептеу құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі 41,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 28,4%, ал ақылы қызметтер 30,5% құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу