2026 жылғы ҰБТ 292 мыңға жуық рет тапсырылды

261

624 ереже бұзушылық анықталды.  

2026 жылғы ҰБТ 292 мыңға жуық рет тапсырылды Фото: gov.kz

2026 жылдың 10 мамырында басталған негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) осы уақытқа дейін 292 мыңға жуық рет тапсырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тестілеуге қатысушылардың 72%-ы ҰБТ-ны қазақ тілінде, 28%-ы орыс тілінде, ал 469 талапкер ағылшын тілінде тапсырған.

Алтыншы аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 68%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 64 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жинады.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 735 талапкер үшін қолайлы жағдайлар жасалып, тестілеуге қатысуға мүмкіндік берілген.

ҰБТ аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру мүмкіндігі қарастырылған. Техникалық себептер бойынша апелляция тестілеу барысында қабылданады. Сертификаттар апелляция қаралғаннан кейін талапкерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді болады.

Алты апта ішінде 624 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 385 талапкер тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасағаны үшін тестілеуден шеттетілсе, 238 адам тестілеу барысында аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылған. Бейнежазбаларды тексеру қорытындысымен тағы 1 талапкердің нәтижесі жойылды. Өзге тұлғаның орнына кіру фактілері тіркелмеген.

Биылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіліп, ереже бұзушылық анықталған жағдайда нәтижелер жойылатыны ескертілді.

Естеріңізге сала кетейік, 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысу үшін екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу