Комитет мәліметінше, 2026 жылғы 5 қаңтар сағат 10:00-ден бастап қасқыр мен шибөріні аулауға рұқсат алу мүмкіндігі қолжетімді болады. Жануарлар санын реттеу шаралары 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі.
Алайда бірқатар өңірлерде шектеу сақталады. Атап айтқанда, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Ұлытау облыстарында қасқыр мен шибөріні аулауға рұқсат тек үй жануарларына шабуыл жасағаны дәлелденген жағдайда ғана беріледі.
Жануарлар санын реттеуге рұқсат беру тәртібі Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №347 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Қазіргі таңда бұл мемлекеттік қызмет толықтай автоматтандырылған және elicense.kz веб-порталы арқылы көрсетіледі.