2026 жылы Қазақстанда балаларға арналған 42 мың дана кітап жарық көреді

101

Айтулы күн жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, олардың рухани дамуының маңыздылығын айқындайды.   

2026 жылы Қазақстанда балаларға арналған 42 мың дана кітап жарық көреді Фото: Kidpassage

2 сәуір дүниежүзі бойынша Халықаралық балалар кітабы күні аталып өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Бүгінде Қазақстанда 3889 көпшілікке қолжетімді кітапхана жұмыс істейді, оның ішінде 272-сі – балалар кітапханасы. Олардың кітап қоры 7 миллионнан астам дананы құрайды, ал оқырмандар саны 1,7 миллионнан аса баланы қамтиды. Ең көп сұранысқа ие шығармалардың қатарында Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа" және "Балалық шаққа саяхат", Сайын Мұратбековтың "Жабайы алма" және "Жусан иісі", сондай-ақ Антуан де Сент-Экзюперидің "Кішкентай ханзада" еңбектері бар.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын мақсатты аудиторияға арналған кітаптарды шығарып, оларды ел кітапханаларына таратады. 2020–2025 жылдары 396 мың дана таралыммен 132 кітап жарық көрді.

2026 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған 42 мың дана кітап шығарып, кітапханаларға жеткізу жоспарланып отыр. Әдебиеттің қолжетімділігін арттыру мақсатында электронды нұсқалары Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасының порталында орналастырылады.

Балалар әдебиеті саласының дамуына әдеби сыйлықтар мен байқаулар да айтарлықтай үлес қосуда. Атап айтқанда, "Айбоз" ұлттық сыйлығы және Президенттік әдеби сыйлық аясында балалар әдебиеті бойынша номинациялар қарастырылған. Елімізде 2025 жылдан бастап Ұлттық кітап күні аталып өтеді. Оның аясында балалар басылымдарына арналған арнайы санаттарды қамти отырып, "Ұлттық кітап" байқауы өткізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу