2025 жылы көмір өнеркәсібіне инвестициялар көлемі 305 млрд теңге болды. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрдің мәліметінше, пайдалы қатты қазбалар саласының 40 жер қойнауын пайдаланушысы көмірге қатысты 41 келісімшартпен жұмыс істейді.
"Қазіргі уақытта көмір саласына жаңа инвестициялар тарту жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы келісімшарттардың жұмыс бағдарламаларына сәйкес көмір өнеркәсібіне инвестициялар көлемі 305 млрд теңгені құрады, ал 2026 жылы салаға инвестиция тарту 553,5 млрд теңге болады деп күтіледі. Көмір өнеркәсібінде шамамен 32 мың адам жұмыспен қамтылғанын атап өту қажет. Аталған секторды орнықты дамыту кезінде жұмыс орындарының өсуі күтіледі", – деді Ерлан Ақкенженов.
Жыл соңына дейін 10-ға жуық жер қойнауы учаскесінің көмір кен орындарына жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша аукцион өткізу жоспарланып отыр.