"Өзбекғарыш" агенттігі мен қытайлық STAR.VISION компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Өзбекстан "Samarkand-2028" жерді қашықтықтан зондтау спутнигін іске қосуға қатысады. Қытайлық компания өздерінің гиперспектральдық аппараттарының біріне осы атауды береді. Бұл аппарат жасанды интеллект модулімен жабдықталмақ.
"2026 жылы қытайлық әріптестерімізбен бірге "Samarkand-2028" атты Қытай спутнигін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл спутникке мақта мен дәнді дақылдарды анықтайтын өз моделімізді ұсынамыз", – деді Өзбекстанның цифрлық технологиялар министрінің бірінші орынбасары Олег Пекось.
Бұл технология арқылы спутникте суреттерді тікелей талдауға болады. Өзбекстан жасанды интеллект модельдері үшін жауапты болады. Ал Қытай тарапы спутниктен алынған суреттерді ұсынады.
2028 жылы Самарқанда аэронавтика саласы бойынша әлемдегі ең ірі форумдардың бірі өтеді.