Президенттің тапсырмаларын орындау үшін елімізде 2027 жылдың соңына дейін 1 млрд-тан астам көшет отырғызып, өсіру қажет, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысы 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл еліміздің орман қорын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Орман алқаптары мен саябақтарды кеңейту, болашақ ұрпақ үшін биологиялық әркелкілікті сақтау – экологиялық ахуалды жақсартуда маңызды басымдықтардың бірі. Бұл – аса күрделі әрі ұзаққа созылатын жұмыс, оны ұдайы назарда ұстау қажет. Сондықтан барымызды сақтап, жерімізді жасыл желекке айналдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек", – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар отырғызылған ағаштардың жерсініп кету деңгейіне назар аударылуда. Премьер-Министр әкімдіктердің санда бар, санатта жоқ ағаштар туралы күмәнді ақпарат беру фактілері кездесетінін, көзбояушылықтың жолын кесіп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту керектігін атап өтті.
Экология министрлігіне әкімдіктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы жылдың 1 желтоқсанына дейін келесі жылдарға арналған көшет материалдарымен қамтамасыз ету жоспарын әзірлеу тапсырылды. Көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру үшін Экология министрлігі оны өсіру және ағаш отырғызу жұмыстарының сапасын бақылауды қамтамасыз ету бойынша агротехниканы сақтау тәртібін әзірлеуі керек.
Сонымен қатар Премьер-Министр орманды заңсыз кесуден және өрттен қорғау шараларына назар аударды. Өткен жылдарда орын алған алапат өрттер бұған дейінгі өртке қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралардың мардымсыз екенін анық көрсетті.
"Осыған байланысты қазір орман шаруашылықтарын, саябақтар мен резерваттарды арнайы өртке қарсы жүйелермен, техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды. Мысалы, Бурабай ұлттық паркінде орнатылған ерте хабардар ету жүйесінің арқасында орман өрттерінің орташа ауданы 50 есеге қысқарды", – деді Олжас Бектенов.
Аурулар мен зиянкестердің таралып кетпеуі үшін санитариялық жұмыстар жүргізіп, алқаптарды жарамсыз ағаштардан тазарту қажет. Бұлар – өртенген немесе ауруға шалдыққан ағаштар. Біз осындай зақым келген жалпы аумақтың тек 1%-ында ғана ағаштарды кәдеге жаратамыз. Сонымен қатар елімізде оталған ағаштарды қайта өңдеуге арналған жоғары шикізат базасы бар.
Премьер-Министр орман өнеркәсібі саласына әлеуетті инвесторлар тарту жұмысын күшейтуді тапсырды. Орман қорын ұлғайту жұмысында қатаң бақылау мен тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету маңызды, деп атап өтті Олжас Бектенов.
Экология және Төтенше жағдайлар министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге, әсіресе бюджеттен тыс қаражатты тарта отырып, орман мекемелері үшін қажетті жабдықтар мен техника сатып алуды қаржыландыру шараларын жалғастыру тапсырылды.
Сондай-ақ орман алқаптарына тұрақты мониторинг жүргізу, оның ішінде ғарыштық бақылау жүргізілуі тиіс.