Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров еліміз 2027 жылға қарай өзін тауық етімен 100% қамтамасыз ететінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2020 жылы тауық етімен қамтамасыз етілу деңгейі 58% болған. Осы жылдар ішінде мемлекеттік қолдаудың және жеңілдетілген микрокредиттер беру арқасында бұл көрсеткіш бүгінде 82%-ға жетті. Яғни, біз импортқа тәуелділікті азайттық. Бұл бағытта жұмыс жалғасады. 2027 жылға қарай тауық етімен 100% қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз", – деді Айдарбек Сапаров.
Министрдің мәліметінше, республикада бірнеше кәсіпорын құс етін өндіреді. Биыл тағы бес жаңа құс фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, бұған дейін құс еті бойынша бағаның күрт құбылуы күтілмейтінін жазған едік.