2027 жылы әлеуметтік көмекке 6,9 трлн теңге бағытталады

371

Құрылтайда республикалық бюджет жобасы таныстырылды.  

2027 жылы әлеуметтік көмекке 6,9 трлн теңге бағытталады Фото: hse.ru

2027 жылы әлеуметтік көмек пен қамтамасыз етуге жұмсалатын шығыстар 6,9 трлн теңге болады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінде "2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы таныстырылды

"Енді тікелей 2027 жыл бойынша айтатын болсам. Әлеуметтік көмек пен қамтамасыз етуге жұмсалатын шығыстар 6,9 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте әлеуметтік қолдауда атаулы тәсіл сақталады, сондықтан көмек бірінші кезекте – оған шынымен мұқтаж адамдарға беріледі. Денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге көзделген.

Қаражат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және медициналық сақтандыруға көзделген. Міндетіміз – саланы қаржыландыру ғана емес, аурудың алдын алу шараларын қабылдау, сондай-ақ денсаулық саласының нақты көрсеткіштерін жақсарту", – деді вице-министр.

Мысалы, 2027 жылдан бастап пилоттық режимде 4 өңірде скринингтің жаңа түрі, атап айтқанда өкпе обырының алдын алу скринингі енгізілетін болады.

"Әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыру бойынша іс-шаралар есебінен 702 млрд теңге оңтайландырылды. Әлеуметтік төлемдерді индекстеуге және туу мен өмір сүру ұзақтығының өсуіне байланысты бюджеттен қосымша 739 млрд теңге бағытталатын болады. Денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық-санитариялық көмектің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ауысуына байланысты 453 млрд теңге қайта бөлінді. Сондай-ақ, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға мемлекет жарналарын есептеу кезінде пайдаланылатын медиандық жалақының ұлғаюына байланысты қосымша 185 млрд теңге көзделді", – деп атап өтті Абзал Бейсенбекұлы.

Осылайша, шығыстар мемлекеттің барлық негізгі міндеттемелерін сақтайды және халықтың осал топтарын қорғайды, деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу