2029 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 5 есеге артуы мүмкін

417

Қытай-Еуропа бағытындағы транзиттік жүктерді Қазақстан арқылы тасымалдаудың әлеуеті зор. 

2029 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 5 есеге артуы мүмкін Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Ведомство басшысының дерегінше, елімізде алыс шетелдерге жүк тасымалдайтын 370 отандық компания 7600 автокөлікпен жұмыс істейді. 

"Халықаралық автотасымалдауларға 27 745 көлік паркі бар 3 578 қазақстандық тасымалдаушы жұмылдырылды. Олардың куәліктері мен рұқсат карточкалары бар. Тасымалдар Үкіметаралық келісімдер шеңберінде 42 елмен жүзеге асырылады, оларадың негізінде жыл сайын 170 мыңға жуық рұқсат беру бланкілері алмастырылады", - деді вице-министр.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 5,5 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл былтырғыға қарағанда 22%-ға артық. Тасымалдағы отандық операторлардың үлесі – 42%.

Бұдан бөлек транзиттік тасымалдарда да оң үрдіс байқалып отыр, деп жалғастырды спикер. 

"Өткен жылмен салыстырғанда ондағы өсім 44% деңгейінде. Негізгі жүк көлемі Қытай еліне тиесілі, ол соңғы жылдары 2 есеге өсуді көрсетіп отыр. Сараптамалық мәліметтерге сәйкес Қытайдан Еуропаға жыл сайын теңіз жолымен 1 млрд 600 млн тоннаға дейін жүк тасымалданады. Еліміз арқылы автокөлікпен тасылатын транзиттік жүк көлемі 1%-дан аспайды. Әлемдік тәжірибеде тез бүлінетін, медициналық, қымбат және қысқа мерзімде жеткізуді талап ететін тауарлар негізінен автокөлікпен тасымалданады. Қытайдан Еуропаға баратын жүктердің ел аумағы арқылы транзитпен өту көлемін ұлғайтудың үлкен әлеуеті бар", - деді Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев.

Оның сөзінше, алдағы уақытта жыл сайынғы тасымал көлемі өсімнің сақталуы күтіліп отыр. 

"2029 жылға қарай транзиттік тасымалдар көлемі 5 есеге артып, 1 млн тоннаны құрайды деген болжам бар", - деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу