2030 жылға қарай елдегі әуе жолаушыларының саны 24 млн-ға жетуі мүмкін – сенатор

260

Қазақстанда тұрақты әуе тасымалын 3 әуе компания ғана жүзеге асырады. 

2030 жылға қарай елдегі әуе жолаушыларының саны 24 млн-ға жетуі мүмкін – сенатор Фото: freepik

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында отандық авиация саласындағы мәселелерді көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақстанда тұрақты әуе тасымалын үш ірі авиакомпания жүзеге асырады: "Эйр Астана", "Скат" және "Qazaq Air". Соңғы статистикалық дерек бойынша "Эйр Астана" жолаушылардың 70%, "Скат" 23%, ал "Qazaq Air" жолаушылар ағынының 7%-ын тасымалдады. Бұл статистика нарықтың тым көп шоғырлануы мен бәсекенің жоқтығын көрсетеді. Бүгінде Қазақстанда 99 әуе кемесі әуе тасымалында жүр. 2030 жылға қарай Қазақстанда әуе жолаушылары 24 миллион адамға жетеді деп болжанып отыр. Осы дерекке сәйкес, алдағы 6 жыл ішінде қазақстандық авиакомпаниялардың әуе паркі екі есеге артуы тиіс. Алайда, Қазақстан соңғы 30 жылындағы флоттың жаңару жылдамдығын ескере отырып, тасымал тапшылығы 2030 жылдан кейін де сақталу қаупі бар", - деді сенатор.

Оның сөзінше, әуе кемелерінің ескіруіне байланысты жыл сайын қазіргі флот қысқара береді.

Ғалиасқар Сарыбаев өңірлік әуежайлардың инфрақұрылымы оларды нормативтерге сәйкес ұстап тұру үшін күрделі қаржы салуды талап ететінін жеткізді. Олардың тек 10-ы ғана дәл қону жүйесімен жабдықталған әрі тәулік бойы жұмыс істейді. Сенатордың сөзінше, әуежайларды шетелдік компанияларға беру ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мәселе туғызады.

"Өткізу пункттерін паспорттарды тексеру үшін жаңа техникалық құралдармен жарақтандырып, кадрлар даярлауға ерекше көзқарас қажет, ал Қазақстанның озық университеттерінің базасында ғылыми-зерттеу институттарын құру маңызды. Еліміздің авиациялық активтерін шетелдіктердің басқаруына беру кезінде азаматтық авиация ұйымдарында басқарушылардың сабақтастығын қамтамасыз ету үшін бірлесіп басқарушы тетігін енгізу керек, сондай-ақ отандық зауыттарды жүк авиакомпанияларының транзитін тартудың негізгі факторларының бірі ретінде әуе отынын өндіруге қайта бағдарлау қажет", - деді Сенат депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу