Егер үкімет жыл сайын алынатын кепілдендірілген трансфертті азайтса, Ұлттық қордың активтері 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға дейін ұлғайтылуы ықтимал. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Келесі жылы кепілдендірілген трансферт 4,2 триллион теңгеден 3,6 триллион теңгеге дейін айтарлықтай қысқарды. Егер үкімет тарапынан мұндай саясат жалғаса берсе, яғни үкімет Ұлттық қорға емес, бюджетке түсетін табысқа сүйенетін болса, онда 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға оңай жолмен жетеміз. Әр жолы 5 триллион немесе одан да көп ақшаны алып тастасақ, ол біраз қиыншылық тудырады. Қаржы министрлігі мен Экономика министрлігі мұны түсінеді. Себебі, олардың алдына қойылған міндет – 100 миллиардқа долларға дейін жеткізу", – деп түсіндірді Тимур Сүлейменов жұма күні өткен брифингте.
Айта кету керек, Ұлттық банк 2030 жылға дейін қор активтерін басқару тұжырымдамасын әзірлеп, онда 2030 жылға қарай 100 миллиард доллар жинақтау мақсатын қойған.