2040 жылға қарай елімізде су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін: Депутат дабыл қақты

169

Су шаруашылығында білікті мамандар тапшы. 

2040 жылға қарай елімізде су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін: Депутат дабыл қақты Фото: parlam.kz

Сенатор Сәкен Арубаев еліміздің су қауіпсіздігін нығайту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"БҰҰ болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін. Елдегі гидротехникалық құрылыстардың 70 пайызы тозып, 20 пайызға жуығы апатты жағдайда тұрғаны беріліп жатқан судың 40 пайызын ысырапқа әкелуде", - деді сенатор.

Сондай-ақ су шаруашылығында білікті мамандардың болмауы жағдайды ушықтырады. 

"Бұл салада жұмыс атқаратын мамандардың 70%-да білімі сәйкес келмейтіні айтпағанда, мамандығы мүлдем жоқтары тағы бар. Жыл сайын бұл бағытта 200 жоғары, 100 техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар дайындалса, олардың тек бестен бірі ғана өз мамандығымен жұмысқа орналасады", - деді Сәкен Арубаев.

Инфрақұрылымның ескіруі, зертхана жабдықтарының жетіспеуі, студенттер мен оқытушылардың жеткіліксіз саны маман даярлауға зор қауіп төндіріп отыр, дейді депутат.

"Мемлекеттік тапсырыс пен гранттар санын көбейтумен шектелмей, су шаруашылығы мамандықтарына қызығушылықты арттыру, мамандарды қайта даярлау және оларды өңірлерде жұмысқа орналастыру, жалақысын көтеру бойынша жүйелі шаралар қабылдаған жөн. Оқытушылардың біліктілігін арттыру үшін шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық өзара тәжірибеу алмасу бағдарламаларын кеңейтуді жандандыру керек. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне берілген мәртебесін ескеріп, оған су құрылыстарына жобалау және сараптама жасай алатын құзыретті мекеме ретінде  мүмкіндік беруді және бұл университетті Су ресурстары және ирригация министрлігінің жанына бекіту мәселесін қарастыру ұсынылады", - деді Сенат депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу