Алдағы жылдарға жасалған температура болжамдары күткендегіден ертерек орындалып жатыр. Бұл туралы Богазичи университеті жанындағы Климаттың өзгеруі мен саясатты зерттеу орталығының басқарма мүшесі, профессор Мурат Тюркеш айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Еуроодақтың Copernicus климаттық өзгерістер қызметінің дерегінше, 2025 жылдың маусымы ең ыстық маусымның бірі болды. Copernicus деректеріне сәйкес, 2025 жылдың маусым айында Еуропадағы орташа температура 18,46 °C болып, 1991-2020 жылдардағы маусымның орташа көрсеткішінен 1,10 °C-қа асып түсті.
2015 жылы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым жариялаған 2050 жылға арналған температура болжамдары 2025 жылы орындалып жатыр.
ДМҰ болжамына сәйкес, 2050 жылдың 10 тамызында Испанияның Уэльва қаласында ауа температурасы 43°C болады деп күтілген. Бірақ та бұл көрсеткіш 2025 жылдың 28 маусымында 46 °C-қа жетті.
2050 жылдың 18 тамызына арналған болжамға сәйкес, Францияның Ажен және Страсбург қалаларында температура 41°C, Парижде – 40°C, Лионда – 42°C, ал Нимде 43 °C болуы тиіс еді. Meteo France хабарлауынша, елде 19 маусымнан бері бұрын болмаған аптап ыстық тіркелді. Күндізгі орташа температура 40°C-тан асса, түнде 20 °C-тан төмендемеген.
Тулуза, Авиньон, Перпиньян және Кольмар қалаларында температура 35 °C-тан жоғары болды. Қатты ыстық нәтижесінде екі адам қайтыс болды.