2050 жылға қарай оңтүстiктің халқы 5,2 млн адамға жетеді

1012

2050 жылға қарай оңтүстiктің халқы 5,2 млн адамға жетеді

Оңтүстiк халқы 2050 жылға қарай 5,2 млн адамға өсiп, жалпы ел халқының 55 пайызын құрайтын болады. Бұл туралы бүгiн Мәжiлiстегі үкiмет сағатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрi Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

"Еңбек ресурсының тапшылығы бар өңiрлерге азаматтарды ерiктi түрде көшiру жүзеге асырылып жатыр. Бiздiң институттар мен ұлттық сарапшылар қазiргi демографиялық және көшi-қон үрдiсiн ескере отырып, оңтүстiк өңiрлердiң халқы 5,2 млн адамға өседi болжап отыр. Сөйтiп, ел халқының 55 %-ын құрайтын болады", – дейдi Т.Дүйсенова.

Бұл орайда оңтүстiк халқының орналасу тығыздығы солтүстiк өңiрлерден 4 еседен асып түспек.

"Бұл еңбек ресурстары бойынша қиындықтар тудырады. Осы үрдiс ескерiле отырып, ерiктi қоныс аудару географиясы кеңейтiлдi. Егер алғашқы жылдары халық тек бiр облыстың iшiнде экономикалық әлеуетi төмен елдi мекендерден аудандық қалаларға көшiрiлсе, 2015 жылдан бастап облысаралық қоныс аудару басталды. Қазiргi уақытта үкiмет халықты оңтүстiктен солтүстiкке көшiру үшiн квоталар белгiледi", – деп атап өттi министр.

"Халықты жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы жүзеге асырылған жылдары 5 мың отбасы немесе 18 мың адам ерiктi түрде қоныс аударған. Оның 78 %-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Осы мақсатқа бюджеттен 37 млрд теңге бөлiндi, қаражаттың 98 %-ы баспана, инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға жұмсалыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу