2060 жылға қарай пластик қалдықтарының көлемі үш есеге артуы мүмкін

119

Бұл адам денсаулығына да айтарлықтай зиян тигізеді.

2060 жылға қарай пластик қалдықтарының көлемі үш есеге артуы мүмкін Фото: Устинка

Женевада пластикалық қалдықтардың артып келе жатқан көлеміне және оның адам денсаулығына, мұхиттарға, экономикаға тигізетін әсеріне қарсы күреске бағытталған жаһандық келісімді әзірлеу бойынша халықаралық келіссөздер басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) дерегінше, егер нақты шаралар қабылданбаса, 2060 жылға қарай пластик қалдықтарының көлемі үш есе артады. 

Келіссөздер БҰҰ-ға мүше елдердің теңіздердің пластикпен ластануын тоқтатуға бағытталған, заңдық күші бар келісім жасау туралы екі жыл бұрынғы шешімінің аясында өтіп жатыр.

Пластиктің өмірлік циклі

Мәселе ауқымды: бір реттік стақандар, полиэтилен пакеттер мен микропластиктері бар косметикалық өнімдер үнемі полигондар мен мұхиттарға түсуде. Сарапшылар бұл келісімді маңыздылығы жағынан 2015 жылғы Париж климаттық келісімімен салыстырады. Алайда мұнай мен газ – пластик өндірісінің негізгі шикізаты болғандықтан, бұл саладағы елдердің қарсылығы да күтілуде.

– Біз пластик мәселесін тек қайта өңдеумен шеше алмаймыз. Жүйелік өзгерістер мен айналмалы экономикаға көшу қажет, – деді ЮНЕП атқарушы директоры Ингер Андерсен.

Келісім болашақта пластикті жобалау мен өндіруден бастап, оны кәдеге жаратуға дейінгі толық өмірлік циклін қамтуы тиіс. Женевадағы келіссөздерде қаралып жатқан 22 беттен тұратын құжатта 32 бап жобасы бар. Әр бап келіссөзге қатысушылардың талқылауында.

Денсаулық пен экономикаға әсері

5–14 тамыз аралығында Женевада 179 елдің өкілдері мен 618 бақылаушы ұйымның 1900-ден астам қатысушысы (ғалымдар, экологтар, сарапшылар) жобаны талқылап, пластикті қауіпсіз әрі экологиялық баламалармен алмастыру жолдарын қарастырады.

Келіссөз қарсаңында "The Lancet" журналы пластик құрамындағы заттардың адам өмірінің барлық кезеңінде зиян келтіретінін ескерткен мақала жариялады. 20-дан астам медициналық сарапшының айтуынша, әсіресе нәрестелер мен балалар аса осал топқа жатады.

Мақалада пластиктің денсаулыққа төндіретін қаупі артып келе жатқаны, ал оның нақты ауқымы әлі толық зерттелмегені айтылған. Пластиктің адам денсаулығына әсерінен келетін экономикалық шығын 1,2 трлн долларға бағаланып отыр.

Келісімге апарар жол

Келіссөздер процесін пластиктен ластану жөніндегі атқарушы хатшы Джоти Маттур-Филипп басқарады.

– 2024 жылы ғана әлемде 500 млн тоннадан астам пластик өндірілген, оның 399 млн тоннасы қалдыққа айналды, – деді ол.

2040 жылға қарай қоршаған ортаға түсетін пластик көлемі тағы 50%-ға артады деп болжануда. Ал 2016–2040 жылдар аралығындағы жалпы экономикалық шығын 281 трлн долларға жетуі мүмкін.

Келіссөздердің бес раунды өтті:

  • 2022 жылы – Уругвайда;
  • 2023 жылы – Франция мен Кенияда;
  • 2024 жылы – Канадада;
  • Соңғысы – Корея Республикасының Пусан қаласында.

Талқылау осы жолы Женевада, Эквадор елшісі Луис Ваяс Вальдивиесо төрағалығымен жалғасып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу