21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні

498

Аида Балаева мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.  

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні Фото: Институт культурных программ

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министр өз құттықтауында мәдениетті мемлекеттіліктің рухани тірегі, тарихи сана мен ұлттық болмыстың айқын көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне ұйыстырып, елдің рухани тұтастығын нығайтатын қуатты күш болып саналады.

Аида Балаева бүгінде жаңа Конституция аясында мәдениетке, білімге, ғылым мен инновацияға ерекше мән беріліп отырғанын айтты. Сонымен қатар қазіргі кезеңде мәдени мұраны сақтаумен қатар цифрлық шешімдерді, креативті индустрияларды және көрерменмен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін дамыту маңызды екенін жеткізді.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәдениет саласын қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Соңғы жылдары мәдениет және өнер қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, еңбек жағдайын жақсартуға, өңірлердегі мәдениет нысандарын дамытуға және азаматтардың мәдени игіліктерге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған шаралар жүзеге асырылған.

Сондай-ақ бірқатар жетекші мәдениет мекемесіне "Ұлттық" мәртебесі беріліп, бұл қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға мүмкіндік ашқаны айтылды. Өткен жылы елімізде 61 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 252 нысан жөндеуден өткен. Биыл тағы 64 нысанның құрылысы жалғасып жатыр.

Министрдің айтуынша, бүгінде E-Museum платформасы 284 музейді біріктіріп, 65 мыңнан астам жәдігер мен 750-ге жуық 3D-артефактіні қамтып отыр.

Құттықтау соңында Аида Балаева артистерге, музыканттарға, кітапханашыларға, музей және архив қызметкерлеріне, режиссерлерге, суретшілерге, хореографтарға, педагогтер мен техникалық мамандарға алғыс білдіріп, шығармашылық табыс пен амандық тіледі.

Айта кетейік, аталған мереке 2013 жылдан бері ресми түрде тойланып келеді. Осы күн аясында театр, музей, кітапхана, архив, мәдениет үйлері мен өнер ұйымдарында еңбек ететін қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, сала үздіктері марапатталады.

Мәдениет пен өнер – ұлттың рухани тірегі, тарихи жады мен болмысын сақтайтын маңызды салалардың бірі. Қазақ мәдениетін дамытуға үлес қосып жүрген өнер иелері мен шығармашылық мамандар қоғамның рухани дамуына ықпал етіп келеді. Театр сахнасындағы актерлерден бастап, ауылдық кітапханашыларға дейінгі мәдениет саласының өкілдері ұлттық құндылықтарды насихаттауда маңызды рөл атқарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу