Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз хатшысы Айдос Садуақасов айтты. "Азаматтардың құқықтарын неғұрлым тиімді қорғау мақсатында республикада 21 жаңа әкімшілік соты құрылады, олардың 17-сі – облыс орталықтарында және 4-еуі – Қаскелең, Семей, Жезқазған, Екібастұз қалаларында жұмыс істейді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс шеңберінде істерді қарайтын әкімшілік соттың атауы "Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған аудандық сот" болып өзгеретін болады", – дейді ол.
Жаңа Кодекс Әділет министрлігімен бірлесе отырып әзірленген. Қазіргі таңда заңнамалық құжаттың нормаларын түсіндіру бойынша 500 судья оқып жатыр.
Айдос Садуқасовтың айтуынша, жаңа Кодекс енгізілген уақытта қолданыстағы екі заң күшін жояды. Оның бірі – Әкімшілік рәсімдер туралы заң болса, екіншісі – Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заң.
Қымбат Нұрғали