22 наурыздан бастап елордаға кіріп-шығуға толықтай шектеу қойылады

1904

Нұр-Сұлтанға авиа және темір жол арқылы келіп-кетуге 72 сағат уақыт бар.

22 наурыздан бастап елордаға кіріп-шығуға толықтай шектеу қойылады Фото: Максим Морозов

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен елордада карантин жариялануына байланысты 22 наурыздан бастап қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылатынын айтты.

"Тұрғындар үшін елордаға кіруге, шығуға әзірше уақыт бар. Алдағы 72 сағатта теміржол немесе әуе қатынастары арқылы қалаға келуге және кетуге мүмкіндік беріліп отыр. Биылғы жылдың 22 наурызынан бастап барлық санаттағы тұрғындарға қала аумағына кіруге және шығуға толық шектеу қойылады", – деп мәлім етті әкім орынбасары.

Дегенмен, Бахтияр Макеннің айтуынша, транзиттік көліктер мен азық-түлік әкелетін көліктер "жасыл дәлізбен" кіреді.

"Транзиттік көліктер Нұр-Сұлтан қаласында тоқтамай жүргізіледі. Яғни жолаушылар пойыздары қала арқылы өтеді, бірақ олар тоқтамайды. Ал 22 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласының өзіне ешқандай пойыз, авиа және басқа көліктердің келуіне шектеу қойылады. Қала аумағын басып өтетін не болмаса, қалаға азық-түлік әкелетін көліктер арнайы "жасыл дәліз" арқылы ғана қатынасады", – деді ол.

Сондай-ақ, Бахтияр Мәкен елорданы қоршаған блок-посттар қалаға өте жақын елдімекендердің сыртында орналасқанын ескертіп, тұрғындарға кедергі келтірмейтінін айтты.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу