Алматы әуежайы 22 сәуір мен 7 мамыр аралығында жоспарланған рейстер кестесіне өзгеріс енгізілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Себебі 22 сәуір мен 7 мамыр аралығында елордада өтетін әскери парадқа дайындық жүріп жатыр. Осыған байланысты Астана аспаны жартылай жабылады. Бұл ел ішіндегі рейстерге де әсер етеді. Әзірге нақты қанша рейс ауыстырылатыны белгісіз.
Жолаушылар жай-күйін ақпараттық қызметтер арқылы алдын ала тексеруге тиіс. Ал әуе компаниясы кестедегі кез келген өзгерістер туралы хабарлауы керек.
Шектеулер шамамен екі апта бойы таңғы 10.00-ден 13.00-ге дейін болады. Бір апта ішінде елімізде 650-ден астам ішкі рейстер орындалмақ. Олардың басым бөлігі Алматы-Астана бағытында.
“Астана қаласында әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшуларын орындау үшін әуе кеңістігін пайдалануға қысқа мерзімді шектеулер енгізіледі. Көлік министрлігі авиакомпаниялар мен әуежайлардың ақпарат қызметтерінен рейстердің уақытын алдын ала тексеруді ұсынады”, – деді Көлік министрлігінің ресми өкілі Ләззат Стамғазиева.