Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Жаңаөзендегі медициналық ғимараттарды аралап, ақ халаттылармен кездесті, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Министр алдымен, балалар ауруханасына барды. Ғимарат 95 кереует орынға есептелген. Тағы 30 орын қосуға мүмкіндік бар.
Одан соң, 2018 жылдың сәуір айынан бастап іске қосылған Гемодиализ орталығын аралады. Нысан мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында қызмет көрсетеді.
Денсаулық сақтау министрі 1 шілдеден бастап республикада 225 мың медицина қызметкерінің жалақысы 30 пайызға өсетіндігін атап өтті.
"Айта кетейін, 90 мыңнан астам медбикенің жалақысы өсетін болады. Оның ішінде айлығы ең төмен саналатын медицина қызметкерлері мен орта деңгейдегі басқа қызметкерлер де бар. Сонымен қатар, "Бастауыш медициналық көмек көрсету жүйесіндегі" емхана дәрігерлері, акушер-гинекологтар, педиатрлар мен дәрігерлердің еңбекақысы артады. Бұл жұмыстар елбасының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады", – деді Елжан Біртанов.
Қалалық ауруxана қызметкерлері президент міндеттеген тапсырмалар бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.