Алғашқы сауда 2025 жылдың 23 мамырда өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Сондай-ақ, сауда 2025 жылғы 26-27-28-29 мамыр күндері де Астана қаласының уақыты бойынша 09:00-ден 10:00-ге дейін өтеді. Сауда сессиясы қосарланған қарсы аукцион режимінде өтеді", - делінген хабарламада.
Битум – бұл жол құрылысында, аэродромдарда және гидрооқшаулау жұмыстарында кеңінен қолданылатын тұтқырлығы жоғары мұнай өнімі. БНД 100/130 маркасы температураның өзгеруіне және механикалық жүктемелерге жақсы төзімділігімен ерекшеленеді, бұл оны Қазақстанның жол саласында қолдану үшін оңтайлы етеді.
Саудаға қатысу үшін клирингтік орталыққа мәміленің болжамды сомасының 15% мөлшерінде кепілдік қамтамасыз етуді енгізу қажет. Сауда сессиясы барысында қалыптасатын мұнай өнімі бағасының ең жоғары деңгейі базалық бағаның 101 пайызынан аспауы тиіс.
"Битум – бұл елдің инфрақұрылымдық дамуы үшін стратегиялық материал. Биржалық сауда арқылы біз нарық қатысушыларына оны әділ бағамен, ашық ережелермен және делдалдарсыз сатып алуға мүмкіндік береміз. Біздің мақсатымыз – нарықты қалыптастыру ғана емес, оны құрылысшылардан бастап мемлекеттік тапсырыс берушілерге дейін барлығына тиімді ету, - деп мәлімдеді "Каспий" тауар биржасы" АҚ президенті Мұрат Қадисов.
А Н Ы Қ Т А М А:
"Каспий" тауар биржасы" АҚ – мұнай өнімдерін, көмірді және цементті қоса алғанда, тауарлардың кең спектрімен сауда жасауға маманданған Қазақстанның жетекші биржалық алаңы.
"Каспий" тауар биржасы" АҚ Энергетикалық биржалардың еуропалық қауымдастығына (EUROPEX) қауымдастырылған мүше ретінде кіреді. S&P Global халықаралық рейтинг агенттігінің ең жоғары ESG-бағасына ие.
БҰҰ Жаһандық шартының толыққанды қатысушысы болған ТМД аумағындағы алғашқы биржалық алаң саналады. Сондай-ақ, "Каспий" – KASE Қазақстан қор биржасының ресми листингіне енгізілген елдегі жалғыз тауар биржасы.