23 жастағы жігітті өлтіріп, денесін өртеп жібергендер ұсталды

1088

Қылмыстық топ ізін жасыру үшін жас жігіттің көлігін де отқа ораған.

23 жастағы жігітті өлтіріп, денесін өртеп жібергендер ұсталды

Түркістан облысы, Ордабасы ауданында тұратын Батыр Мәмбетәлиев биылғы жылдың 8 қазанынан бері үйіне оралмаған. Туыстарының айтуынша, көлігіне қажетті қосалқы бөлшек алу үшін Шымкентке барған екен. Қайтар жолда жолай көлік тоқтатып тұрған жолаушыларды отырғызып, сол күйі үшті-күйлі жоғалып кеткен. Кейін полицейлердің жүргізген жедел шарасы барысында күдіктілер ұсталды. Олар алдымен көлікті қалай өртегендерін, көлік иесін қай жерде өлтіріп, қалай өртке орағанын тергеу кезінде айтып берген.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, тергеу барысында пайдакүнемдік мақсатта жүрген күдіктілердің екеуі Шымкент қаласы көшелерінің бірінде жәбірленушінің көлігін тоқтатып, апарып тастауды сұрағаны анықталды. Айтылған мекенжайға келген бойда олар көлік жүргізушісіне шабуыл жасап, тұншықтырып өлтірген. Ұялы телефонын өздерімен бірге алып, денесін көліктің жүк салғышына салыпты. Кейін мәйітті қала сыртындағы сайға тастап, қоқыс арасына өртеген. Содан кейін Шымкент қаласына қарай бет алып, көлікті адам тұрмайтын жерге апарып өртеп, қылмыс орнынан бой тасалаған. Қаскөйлер бір қылмыс жасағанымен тоқталмай, тағы оңай олжаға кенелуді жөн санапты.

"Екі күдікті тағы екі серіктесімен бірге Ордабасы ауданындағы тас жолда "ВАЗ" автокөлігінің жүргізушісіне шабуыл жасап, 45 мың теңге тұратын жеке затын күшпен тартып алған. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы (Адам өлтіру) және 191-бабымен (Тонау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда", – деді облыстық Полиция департаментіндегілер.

Әлі шаңырақ көтеріп те үлгермеген марқұм Батыр Мәмбетәлиев отбасында кенже ұл болған. Ауылдағы Әділет басқармасында жол картасымен еңбек етіп жүрген екен. Анасының айтуынша, биыл ғана жоғары оқу орнына түсіпті. Марқұмның туыстары кінәлілердің ең ауыр жазаға тартылуын талап етіп отыр.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу