Шымкентте ер адам 23 жыл бұрынғы қылмысы үшін сотталды

118

​Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 23 жыл бұрын аса ірі көлемде героин тасымалдаған азаматқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Шымкентте ер адам 23 жыл бұрынғы қылмысы үшін сотталды Фото: ozkokhukuk.com

Сот материалдарына сәйкес, сотталушы 2003 жылы есірткіні көтерме бағамен сатып алып, өзге елдерде өткізумен айналысқан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланыста болған.

Сол жылдың қазан айында оған қылмыстық топ жетекшісінен аса ірі мөлшердегі героинді жеткізу туралы тапсырма берілген.

Тапсырманы орындау үшін 2003 жылғы 20 қарашада ол сыбайласымен бірге Шымкенттен Ақтөбе бағытына жолға шыққан. Алайда екі күннен кейін Шымкент – Самара автожолының Арал қаласы маңында көлік тоқтатылған.

Тінту кезінде автокөліктің жанармай құюға арналған орнынан ұнтақ тәрізді зат салынған 35 пакет табылған. Сараптама нәтижесінде олардың жалпы салмағы 34 047,41 грамм аса ірі мөлшердегі героин екені анықталған.

Оқиғадан кейін сотталушы халықаралық іздеуге жарияланған. Ол 2024 жылы Ресей аумағында ұсталып, 2025 жылы Қазақстанға экстрадицияланған.

Сотта азамат өз кінәсін мойындамаған. Алайда оның қылмысқа қатысы куәлардың жауабы, дыбыс жазбалары, сараптама қорытындылары және іс бойынша зерттелген өзге де дәлелдермен расталған.

Прокурор соттан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраса, сотталушы өзін ақтауды өтінген. Сот оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды анықтамады.

"Сот Е.-ны ҚК-нің (1997 жылғы редакцияда) 235-бабының 3-бөлігі, 259-бабының 4-бөлігінің "а", "б" тармақтарымен кінәлі деп танып, оған түпкілікті 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу