Мәжілістің жалпы отырысында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою кезінде негізгі талаптардың бірі олардың меншігінде баспана болмауы керек. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдеріне байланысты, кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзімді 10 жылға дейін ұлғайту көзделген", - деді құжатты таныстырған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігімен бірлесіп кезекте тұрған азаматтарды заңнама талаптарына сәйкестігі бойынша талдау жасаған.
"Алдын ала мәліметтерге сәйкес 646 мың кезекте тұрған азаматтан 232 мыңы кезектен шығарылатын болады. 96,1 мыңы – соңғы 5 жылда тұрғын үйлі болды; 533 адамның ҚР азаматтығы жоқ; 91,4 мыңы – тіркеу орны (тіркелу) кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейді; 29 мыңы - тіркеусіз; 15,6 мың адам –қайтыс болғандар. Бұл бұрын жергілікті атқарушы органдармен осы жұмыс тиімсіз түрде жүргізілгенін көрсетеді", - деді ведомство басшысы.
Қанат Шарлапаев биылғы 1 тамыздан бастап осы күнге дейін 21 607 адам кезектен шығарылғанын жеткізді.