Қазақстанда 2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуді 233 мыңға жуық талапкер тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың 73,1%-ы тесті қазақ тілінде, 26,8%-ы орыс тілінде, ал 383 талапкер ағылшын тілінде тапсырған.
Биыл талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижемен білім беру гранты конкурсына қатысу мүмкіндігі берілді. Нәтижесінде 233 мың талапкер тестілеуді жалпы 422 мың рет тапсырды.
Тестілеу қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Орташа нәтиже 69 балды құрады. Ең жоғары 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир мен Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия жинады. Сондай-ақ 821 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 800 талапкерге тестілеуден өту үшін арнайы жағдай жасалды. Сонымен қатар 95 мыңнан астам апелляциялық өтініш қаралып, 152 тест тапсырмасы бойынша өтініштер қанағаттандырылды.
ҰБТ барысында 890 ереже бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 522 талапкер тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасағаны үшін тестке жіберілмесе, 361 адамның нәтижесі аудиторияда тәртіп бұзғаны үшін жойылды. Бұдан бөлек, бейнежазбаларды тексеру нәтижесінде тағы 7 талапкердің нәтижесі күшін жойды.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, ҰБТ-ның бейнежазбалары 31 қазанға дейін тексеріліп, ереже бұзушылық анықталған жағдайда тест нәтижелері жойылады.