Осыған байланысты Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа сұрақ қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутаттың сөзінше, 24 сағат ішінде жойылуға тиіс контент тізбесін қауіпті пранктермен, стримдермен және дипфейктермен толықтыру керек.
– Қолданыстағы заңда уәкілетті органның нұсқамасы бойынша тек балаларға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпараттарды ғана 24 сағат ішінде жою міндеттелген. Заңның жобасында да құқыққа қайшы контентті де жою міндеті қосымша белгіленген.
Бірақ бүгінде интернетте дереу, яғни шұғыл әрекет етуді қажет ететін ақпараттар да көптеп таралады. Оларды енді атап айтатын болсақ, балаларға қарсы азғындық әрекеттері, есірткі сату, суицидті насихаттау, сонымен қатар мынау денсаулыққа қауіп тудыратын, адамдарға зорлық-зомбылық көрсететін осындай бағыттағы пранктер, стримдер мен дипфейктер бар. Енді мұндай жағдайда зиянды ақпараттар бірнеше сағаттың, тіпті бірнеше минутта таралып кетуі мүмкін. Бұны күтуге болмайды. Жалпы, осы 24 сағат ішінде жойылуға тиіс контент тізбесін құқыққа қайшы пранктер, денсаулыққа қауіпті стримдер мен дипфейктермен толықтыруға министрліктің ұстанымы қалай? Себебі, қазір олар нормада тікелей көрсетілмеген, – деп сауал жолдады ол.
Өз кезегінде министр нақты ұсынысты қолдауға дайын.
– Егер сіздердің тараптарыңыздан нақты ұсыныс болса, бұны біз бұны қолдаймыз. Қолданыстағы заңның 14-бабында заңға қайшы деп табылатын контенттердің енді толық болмасa да өте ұзын тізбесі көрсетілген. Яғни, біздің ойымызша, сіздің жаңағы ұсынысыңыз 24 сағат дегенмен толық келісуге болады. Жалпы негізі ұсынып отырған заң жобасының концепциясы да негізі осындай шұғыл арада заңға қайшы келетін, құқыққа қайшы келетін контенттерді бұғаттау мәселелеріне бағытталған ғой. Сондықтан ұсынысыңызды қолдаймыз, – деді Арман Қырықбайұлы.