"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ шотындағы қаржыны баспана мәселесін шешуге, ем-дом шараларына жұмсауға мүмкіндік берілгелі Павлодар облысының 3 887 тұрғыны арнайы сайт арқылы өтініш толтырды. Бүгінгі таңда бұл өтініштердің 2408-і мақұлданды. Нәтижесінде 7,2 млрд теңге павлодарлықтардың шотына аударылды. Ел бойынша мақұлданған төлемдердің орташа сомасы 5,5 млн теңге болса, Павлодар өңірінде бұл сома 3 млн 80 мың теңгені құрады.
"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ облыстық филиалының директоры Владимир Питраковтың айтуынша, кейбір тұрғындардың шешіп алуды қалайтын соманы, табыс салығын дұрыс көрсетпеуі салдарынан өтініштері кері қайтарылып жатады.
"Өтініш беруге қатысты шекті мерзім жоқ. Яғни, салымшылардың шотта артық сомасы болса, кез келген уақытта пайдалана алады", - деп еске салды Владимир Питраков.
"Отбасы банк" АҚ өкілдерінің есептеуі бойынша, өтініші мақұлданған тұрғындардың 40%-ы "Жеткілікті деңгейден" асқан қаржыны ипотекалық несиенің бір бөлігін жабуға, 20%-ы баспаналы болу үшін алған несиені толығымен өтеуге пайдаланады. Тағы 20% тұрғын жинақ шоттағы қаржыны жақын-жұрағатына беруді құп көреді.
Айта кетелік, Павлодар облысында 39 мыңға жуық адамның зейнетақы шотындағы қаражатты өз игілігіне жұмсауға мүмкіндігі бар. Олардың шотында шамамен 74 млрд теңге сақтаулы.
Ажар Дәулетова