"Сіздің өңірдегі халық кедейшілік жағдайында өмір сүріп жатқанда, Түркістан музыкалық драма театрындағы бір қойылымға 246 млн теңге жұмсалғаны тым артық деп ойламайсыз ба? Басқа қалаларда осыған ұқсас қойылымдарға 4-5 млн теңге жұмсалады екен. Бұдан бөлек, ulysmedia.kz сайтының ақпаратына сәйкес, тендерді ұтқан компанияда аталмыш театрдың директоры бір кезде басшылық етіпті. Бұл жағдайды біртүрлі деп есептемейсіз бе?", – деп сұрады журналист Әсем Гумарова.
Айта кетейік, Мемлекеттік сатып алу порталында шыққан тендердің орындалу уақыты 2021 жылдың 30 қарашасы деп белгіленген екен. Жаңа театрдың алғашқы қойылымына режиссер ретінде Италиядан екі бірдей адам шақырылды. Көркемдік жетекшілер қатарында театр директоры Айнұр Көпбасарова мен режиссер Карло Шаккалуга болса, қоюшы режиссер – Давиде Ливерморе. Шетелден шақыртылған қос режиссерге төленген гонорар көлемі белгісіз.
"Мен олай (біртүрлі деп) есептемеймін. Өйткені сметаны тексердік. Басы артық нәрсе таппадық. Театрдың сужаңа екенін, декорация, костюм, авторлардың қаламақысы, актерлердің жалақысын есептесек, бәрі дұрыс. Керісінше, біздің қалаға келіп, осы қойылымды қойған ұжымға алғыс. Олар әлем елдерінің түрлі астаналарында жұмыс істеген мамандар", – деп жауап қатты Шөкеев.
Оның айтуынша, бұл қойылым қаланың көркі саналады. Оны көру үшін астана, Алматы және басқа қалалардан адамдар келеді екен.
"Басқа қалалар 4-5 млн-ға қойылым қояды дейсіз. Оны елестете алмаймын. Қалай мұнша аз ақшаға қоюға болады? Бұл жерде қандай да бір заң бұзушылық бар деп күмәндансаңыздар, қаржыны тексеретін органдар бар, олар бұған жауап бере алады", –дейді Шөкеев.
Тасқын Болатұлы